ЖШС Нефтестройсервис Лтд

НСС – вместе к вершинам

НСС – вместе к вершинам

16 қарашада Махамбет атындағы облыстық драма театрда драматург Рахымжан Отарбаевтың пьесасының желісі бойынша көптен күткен “Жасын ғұмыр” спектаклінің премьерасы өтті.

Қойылымның режиссері- Жанат Тельтаев.

    Драмада шетелдің озық деген білім ошақтарында көп жыл білім алып, бизнестің қыр-сырын жетік меңгеріп, ендігі жерде барлық алған білімі мен тәжірибесін Отан игілігіне арнамақ болған жас жігітСүлеймен туралы айтылады.

   Оның әкесі кезінде өз ісін шағын дүңгіршікте сауда-саттықтан бастап, мұнай саласында сервистік қызмет ететін компанияның иесі болуды, халқының пайдасына жарауды арман еткен.

 Әкесі мен баласы  жобаға қаржы құятын инвесторлармен танысады, алайда ел ішіндегі тартыстар оларға кедергі туғызады. Жеке тұлғаларға және тұтастай халыққа бизнесмендердің барлығы қара басының қамы үшін жүретін пайдакүнем еместігін қалай дәлелдеуге болады?

   Сүлеймен әкесіне бұл кедергілерді өзі шешетініне уәде береді, алайда оның уақыты аз қалғанын білмейді…

 Спектакльдің премьерасы театр өнерін бағалаушылардың барлығының басын қосты. Залда пьесаның басты кейіпкерлерінің прототиптері болып табылатын Сүлеймен Ақдрашевтың туысқандары болды.

  Сүлеймен Акдрашев 1992 жылы Құлсары қаласында туылған. 2003 жылдан 2011 жылдар аралығында бауырлас Түркі елінің астанасы- Анкара қаласындағы халықаралық мектепте оқыды.

  Еңбек жолын 2008 жылы «Нефтестройсервис Лтд»ЖШС-де оқшаулаушы қызметінен бастады. Келесі жылдар ішінде өзін әр түрлі мамандық бойынша: сырлаушы, құм ағынымен тазалаушы, аудармашы, жоспарлаушы, сметші және т.с жұмыстарда танытты .

  2011 жылдан 2015 жылдар аралығында Ұлыбританияның Эксетер университетінде Бизнес және менеджмент мамандығы бойынша білім алды. Шетелдегі Қазақстандық студенттер қоғамдастығының Президенті болды. 2015 жылдан бастап «Нефтестройсервис Лтд»ЖШС-нің бизнесті дамыту жөніндегі директоры болып тағайындалды, ал 2016 жылы «Дәулет индустриялды аймағының» басшысы болып тағайындалды.

 Оның бастамасымен «Дәулет Нан» деп аталатын Атырау облысының ең ірі әлеуметтік жобасы жүзеге асты және «Дәулет» бренді бойынша макарон цехы іске қосылды.

  2016 жылы Сүлеймен «2016 жылдың ең үздік жас кәсіпкері» деген аталым бойынша «Жыл үздігі-2016»байқауының жеңімпазы атанды.

  Қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерін жетік меңгерді. 2017 жылдың ақпан айында Сүлеймен Ақдрашев дүниеден өтті.

 “Жасын ғұмыр” спектаклі театрдың тұрақты репертуарына енгізілді. Бұдан былай қойылымды көрем деушілерге театрдың есігі айқара ашық!